Сенат депутаттары дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтуді көздейтін Қылмыстық кодекске түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Енді заңға Президент қол қоюы тиіс.
Құжатқа енгізілген жаңа 380-3-бапта медициналық қызметкерлерге күш қолданудың екі түрі нақты ажыратылған: өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін және қауіпті жағдайлар. Әрқайсысына бөлек жаза қарастырылған.
Егер медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем жүргізушісіне қызметтік міндетін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданылса немесе қорқыту болса, айыппұл салу, түзету жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе қамау жазасы көзделеді.
Ал шабуыл топ болып жасалса, қайталанса, екі немесе одан да көп адамға бағытталса, сондай-ақ төтенше жағдай, жаппай тәртіпсіздік немесе терроризмге қарсы операция кезінде орын алса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге қамау жазасы қарастырылған.
Егер шабуыл медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірсе, кінәлі 5 жылдан 10 жылға дейін, ал аса ауыр жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, мұндай қылмыстар бойынша тергеуді ішкі істер органдары жүргізеді. Ол сондай-ақ Ұлыбритания мен АҚШ-та медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілік әлдеқайда қатаң екенін атап өтіп, бұл тәжірибе қоғамдық қауіпсіздік пен денсаулық сақтау саласын қорғауда маңызды рөл атқаратынын айтты.