Алматының Жетісу ауданында 29 наурыз күні жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіп төнген оқиға болды. Шақырту бойынша барған дәрігер мен фельдшерді науқастың мас күйдегі ұлы пышақпен қорқытқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Медицина қызметкерлері өздерін қорғау үшін бөлмеге қамалып, диспетчер арқылы көмек сұраған. Полиция келгенге дейін олар пәтерден шыға алмаған.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция мұндай әрекеттер заң алдында жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Сонымен қатар, 7 наурыздан бастап елімізде медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге қатысты жаза күшейтілгені атап өтілді.