Танымал әнші Индира Елемес әлеуметтік желідегі парақшасында Арман Дүйсеновтің өліміне қатысты берген сұхбаты үшін өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі “Астарлы ақиқат” бағдарламасында оқырмандардың теріс пікір қалдырып, өзін ғайбаттап жатқанын жазды. Ол бағдарламаның редакциясына Арман Дүйсеновтің студиясында тек ән жазып жүргенін бөліскенін айтты.
“Пікірлерді оқып күлкім келеді, өсекке, қарғауға құмарсыздар. “Астарлы ақиқат” бағдарламасына қатыспаймын десем де, журналистері студияма келіп, жалынып отырып алды. Сағаттап күтіп отырды.
“Ол кісінің өлімі туралы айтып маған не керегі бар? Барлық әнші көрді, біледі, оны қозғап қайтесіздер?” деп сұрадым. “Жоқ, халық Арман Дүйсеновтың қайда өмірден өткенін білетін болады” деп жауап берді. “Бұл бағдарламада тұлғалардың естелігі көп, біз оның зауытта қайтыс болғанын білеміз, түсіріп алсақ” деді. Мен ол бөлмеге кіргізе алмайтынымды айттым. Тек сол жерде жұмыс істейтінін айтып берейін, бар болғаны сол”, – деді ол.
Әнші осы тақырыпты шығару үшін марқұм сазгердің отбасынан рұқсат сұрау керегін ескерткен.
"Ол кісінің өз отбасы барын, сол кісілерден сұрау керегін де айттым. “Әйелінен рұқсат алдыңыздар ма?” деп сұрадым, журналист “Иә, біледі” деп жауап берді. Сол кезде Айсұлу апайға қоңырау шалып, нақтысын біле салуым керек еді, олардың не мақсатпен келгенін қайдан білейін. Хайп үшін келген екен”, – деді ол.
Индира Елемес “Арман Дүйсенов жертөледе қайтыс болды” деп айтпағанын мәлімдеді.
"Мен жертөле деген сөзді білмеймін және студияны жертөле деп те айтпаймын. Зауытта қайтыс болды” дейді. Бөлмесін көрсетіңізші деп сұрады, мен көрсетпейтінімді айттым. Олардың қандай ойы болғанын әлі түсінбедім. Айтпаған нәрсені айтты деп былықтырып алып, YouTube-тан өшіріп тастады. Бүкіл материалды қысқартпай, сол күйінде халыққа көрсетсін! Маған ғайбат жазуды тоқтатыңыздар!” – деді ол.
Сондай-ақ ол бұрынғы күйеуі Иманмәди Кәлелхан мен марқұм Арман Дүйсеновтің арасындағы қаржылық мәселелерден хабарсыз болғанын жеткізді.
“Екінші мәселе. Араларында ақша немесе басқа болған жәй туралы менің хабарым жоқ. Жалпы еркектердің арасындағы алыс-беріске куәгер болып көрмеппін, тоқетерін айтқанда хабарсызбын. Егер ол туралы мен білсем, Айсулу ханым “иә, көрді, білді” деп мәлімдесін! Мен ол туралы биыл маусымда естідім, бірақ Қ.Иманмәди “Олардан бір тиын алмадым, керісінше, олар маған қарыз” деді. Айсұлу, Иманмәди, Арман ағаның арасындағы дүниеге менің не қатысым бар?” – деді ол.
Өнер иесі жақсылық жасаймын деп, сынға қалғанын бөлісті.
"Түсініп, біліп, сосын бірақ жазыңыздар. Әлде сұхбатта “Индира білді, ол да көрді” деп айтты ма? Әр адам өзіне жауап берсін! Депрессияда жүр деді, марқұм ағаның өзінен естімедім. Менің бар кінәм сол зауытта бөлмеде тұра берсінші , емделсінші деп қанша рет көмек бергенім. Жақсылық жасаймын деп ғайбатқа ұшырайтынымды ойламаппын!” – деді ол.
Әнші ешқандай БАҚ өкіліне сұхбат бермейтінін, шындықтың бетіне уақыт өте келе ашылатынына сенімді екенін жазды.
“Бүгінге дейін қанша сайт, журналистер “жауап беріңіз” деп тағы хайп жинағысы келді. Мен ешкімге сұхбат бермеймін, ақталмаймын, бәрін уақыт көрсетеді. Өз былықтарына өздері жауап берсін. Арман ағаның далада емес, әйтеуір зауытта болса да, жылы жерде жан тапсырғаны дұрыс болған деп ойлаймын”, – деді ол.
Ол оның бұрынғы студиясында біршама өнер иесі ән жазғанын айтты.
“Бұрынғы студиямда бірде-бір әнші қонып көрмеген. Ол ән жазылатын студия, ұйықтайтын жер емес! Ол студияда әріптестердің тең жартысы ән жазған”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Индира Елемес марқұм композитор, сазгер Арман Дүйсеновтің соңғы сәтінде жанында болғанын айтып, “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сұхбат беріп еді.
“Жүрегі тоқтап, бір сәтте кетіп қалды. Қатты қиналып, ауырған да жоқ. Осы студияда болды. Қасындағы жігіттердің айтуынша, су ішіп, жатып қалған. Содан оянбаған. Таңғы 9-дар шамасында жүріп кеткен. Соңғы демі қалғанша екеуміз студияда ән жаздық. Ағалы-қарындас болып араласатын едік. Тіпті жаназасын өзімнің үйімнен шығарғым келді. Бірақ имамдар рұқсат етпеді. Жан тапсырған студиядан орталық мешітке алып кетті. Бұл тақырыпта әңгіме айту маған қиын. Бірақ ақиқаты – осы”, – деді әнші.
Индира Елемес композитор отбасынан бөлек тұрғанын да жасырмады.