Риддер қаласында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларға арналған Мәңгілік алауды қорлау бойынша тергеу басталды. Қасиетті орын маңынан қуырылған тауықтың қалдықтарының табылуы жергілікті халықтың қатты ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға туралы ақпарат таңертең белгілі болды. Қала тұрғындарының бірі ескерткіш маңынан жартылай күйген тауық етін байқап, суреттерін әлеуметтік желіге жүктеген. Ол дереу полицияға және қала әкімдігіне хабарласып, мұндай келеңсіз жағдайдың қалай орын алғанын сұрап, жауапты органдардан шара қолдануды талап етті.
Коммуналдық қызмет өкілдері дер кезінде оқиға орнына барып, қалдықтарды тазалап алды. Ал полиция бұл жайтты «қасиетті орынды қорлау» ретінде тіркеп, құқықбұзушыларды анықтау мақсатында тергеуді бастап кетті.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір аумақты егжей-тегжейлі тексеру, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеу, куәгерлерден жауап алу сияқты кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары тарихи және мәдени маңызы бар нысандарды қорлаудың заң жүзінде жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, тұрғындарды тәртіп сақтау мәдениетін ұстануға шақырды.
Өңірлік полиция кез келген заңсыз әрекет жазасыз қалмайтынын, кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылатынын атап өтті.