Жаңа құрылғының бағасы 1,4 миллион теңгеден басталып, ең қымбат нұсқасы 2,27 миллион теңгеге жетеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстандағы смартфондар сататын танымал дүкендер жариялаған мәліметке сәйкес, 256 ГБ жады бар нұсқасы 1 399 990 теңге, 512 ГБ – 1 564 990 теңге, 1 ТБ – 1 847 990 теңге, ал 2 ТБ жады бар үлгісі 2 273 990 теңге тұрады. Ең арзан және ең қымбат нұсқалардың айырмашылығы 874 мың теңге.
Жаңа смартфонның басты ерекшелігі – бүктелетін экраны. Жабық күйінде дисплейі 5,4 дюйм болса, ашылғанда 7,6 дюймге дейін ұлғаяды. Ішкі экранның күңгірт жабыны жарықтың шағылуын азайтып, бүктелген тұсын көзге азырақ көрсетеді. Дегенмен экрандағы бүктеме толық жойылмаған.
Камераға қатысты да өзгерістер қарастырылған. Суретке түсіп тұрған адам сыртқы экран арқылы өзін көре алады. Ал Smart Take функциясы топтық суретке түсетін адамдардың дайын болған сәтін анықтап, автоматты түрде фото түсіруге арналған.
Алайда бағасы 2 миллион теңгеден асатын құрылғыда Face ID технологиясы жоқ. Оның орнына бүйірдегі батырмаға орнатылған саусақ ізі сканері қолданылады. Сонымен қатар физикалық SIM-карта салынбайды, смартфон тек eSIM арқылы жұмыс істейді.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, АҚШ пен бірқатар елде сатылым 23 қазанда басталған. Қазақстанда жаңа смартфонды 30 қазаннан бастап сату жоспарланған.