Алматыда отандық жүк тасымалдаушылар мен Көлік министрлігі Автокөлік комитеті арасында өткен жиын үлкен дауға ұласты. Кәсіпкерлер шетелдік рұқсат қағаздарын беру жүйесіндегі былық салдарынан 167 компанияның жұмысы тоқтап, мыңдаған көліктің жолға шыға алмай тұрғанын мәлімдеді. Бұл мәселені бұрыннан көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы барлық кінәні жаңа ақпараттық жүйені уақытылы іске қоса алмаған Көлік министрлігіне артты, деп хабарлайды KzNews.
Мәжілісменнің айтуынша, мәселенің негізі 2025 жылдың қаңтарында қабылданған жаңа заңда жатыр. Сол ережеге сәйкес, шекаралық бақылаудан өткен тасымалдаушылар туралы мәлімет министрліктің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп, тексерілуі тиіс болған. Алайда, бұл жүйе шілденің соңына дейін іске қосылмаған.
«Егер тексерістер қаңтардан басталғанда, мұндай жағдай болмас еді. Жүйе толық дайын болмағаны үшін осындай жағдайлар болып жатыр», – деді депутат «Гиперборей» YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Жүйенің жеті ай бойы істемеуі салдарынан жазда 167 компанияға тиесілі бір жарым мың жүк көлігінің жұмысы тоқтатылған. Өткен айдың өзінде 30 компания Қазақстаннан тысқары бірде-бір рейс жасай алмаған. Депутаттың есебінше, қазіргі таңда Қазақстан аумағында 18 мыңға жуық жүк көлігі тиісті рұқсатсыз жүруі мүмкін. Ол бұл жағдайдың еңбек кодексін бұзуға және жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
Комитет төрағасы Алтай Әлидің қатысуымен өткен бұл жиын мәселені шешудің орнына, реттеуші орган мен нарық қатысушылары арасындағы алшақтықты одан сайын айқындай түсті. Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы бұл тақырыпты Парламент қабырғасында бірнеше рет көтергенін және алдағы сессияда да Көлік министрлігінің жауапкершілігін талап ететінін қадап айтты.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Михаил Козачков депутаттың (бұрынғы тегі – Әлиев) сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғанын жариялаған болатын. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес, мұндай қылмыс үшін сотталған азаматтардың депутат болуға құқығы жоқ.