KZNews.kz
Саясат

Болат Әбілев Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына 20 жыл толуына қатысты пікір білдірді

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Танымал қазақстандық кәсіпкер және саясаткер Болат Әбілев марқұм мемлекет қайраткері әрі дипломат, кейін оппозицияға өткен саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты еске алып, оның қазасына 20 жыл толғанын атап өтті, деп хабарлайды Kznews.kz сайты Politico.kz-ке сілтеме беріп.

Әбілев бұл істің әлі күнге дейін толық ашылмағанын айтып, Қазақстанның жаңа тарихындағы бірнеше ауыр кезеңдерді қатар тізіп шыққан. Оның сөзінше, елде қайғылы оқиғалар көбіне жылдың соңғы айларына тұспа-тұс келеді.

«Қазақстанда неге екені белгісіз, ауыр және қайғылы оқиғалар көбінесе кеш күз бен қыста, әсіресе қараша мен желтоқсанда жиі орын алады. Мысалы, 2005 жылдың қарашасында өз үйінде Заманбек Нұрқаділов өлтірілді. Оның өлтірушілері мен тапсырыс берушілері әлі күнге дейін табылған жоқ. Желтоқсанды да бөлек атап өткен жөн: 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары. 2011 жылдың 16 және 17 желтоқсанында Жаңаөзенде қанды қасірет болды. Қаңтар мен ақпан да қанды оқиғалармен байланысты: 2022 жылғы «Қаңтар». 2006 жылдың ақпанында оппозициялық саясаткер, «Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев өзінің көмекшісі Бауыржан Бекбосыновпен және жүргізушісі Василий Журавлёвпен бірге өлтірілді», – деп жазды ол.

Саясаткердің айтуынша, Сәрсенбаевтың қазасы арада жиырма жыл өтсе де, қоғам жадынан өшкен жоқ. Ол бұл оқиғаға қатысты көкейде қалған сауалдың әлі күнге жауапсыз екенін жеткізді.

«Алтынбек Сәрсенбаевтың қаза тапқанына міне 20 жыл өтті, бірақ бұл оқиға дәл кеше, бар болғаны бір күн бұрын болғандай сезіледі. Әлі күнге дейін ойдан кетпейтін сұрақ бар: не үшін?» – деді ол.

Бұдан бөлек, Болат Әбілев Сәрсенбаевтың елдегі саяси ахуалға қатысты ұстанымын ерекше атап өтіп, бір эпизодты алға тартты. Оның жазбасында Рахат Әлиевке байланысты деректердің жиналуы және сол ақпараттың президентке жеткізілгені айтылады.

«Алтынбек Рахат Әлиевтің қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевты жоюға дайындалып жатқанын дәлелдейтін айғақтарды жинай алды. Марат Тәжинмен бірге ол президентке барып, Рахаттың осы жоспарлары туралы баяндады. Назарбаев қатты қорқып, дірілдеп, креслодан құлап түсті. Алтынбек пен Тәжин оған қайта отыруға көмектесті, ал президент абдырап, шошып кеткен күйде енді не істеу керегін сұрады. Алтынбек Рахатты және оның жақындарын тұтқындап, биліктен шеттетуді ұсынды…»

Әбілевтің пайымынша, дәл осы жағдай Сәрсенбаевтың тағдырына әсер етуі ықтимал. Ол марқұм саясаткердің ешқашан радикал ұстанымда болмағанын да қоса айтты.

«Мүмкін, дәл осы оқиға Алтынбектің арамызда болмауының себептерінің бірі болған шығар. Өйткені ол мемлекет басшысының әлсіздігі мен қорқақтығын көрді. Әрине, біз білмейтін немесе тек жорамалдай алатын басқа себептер де болуы мүмкін. Айта кету маңызды, Алтынбек ешқашан радикал болған емес, зорлық-зомбылыққа немесе революциялық әдістерге шақырмаған. Сондықтан «Не үшін?» деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Арада 20 жыл өтсе де, бұл қылмыстың тапсырыс берушілері әлі ашылған жоқ әрі жазаланбады. Бұл — Қазақстанның жаңа тарихындағы үрейлі құпия болып қалған саяси қастандық. Дегенмен болашағы зор саясаткерді, саяси бәсекелесті жою кімге тиімді болғанын және қылмыстың ізі қайда апаратынын бәрі түсінеді. Алтынбек Сәрсенбаевтың өлтірілуі ұлттық қасіретке, орны толмас орасан зор шығынға айналды. Осы 20 жыл бойы елге Алтынбек қатты жетіспейді…» – деп түйіндеді Болат Әбілев.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →