Астанада бейтаныс бойжеткеннің соңынан қалмай, жұмыс орнына дейін ілесіп барған ер адам 10 тәулікке қамалды. Ол қыздан телефон нөмірін беруді талап етіп, денесіне рұқсатсыз қол тигізген.
Оқиға 12 қазан күні таңғы сағат 08:10 шамасында болған. Ер адам бойжеткенмен бір автобуста келе жатып, оның соңынан аялдамадан түскен, деп хабарлайды kznews.kz.
Кейін жұмыс орнына дейін ілесіп барып, бойжеткен ғимаратқа кірер сәтте бөксесіне қол тигізген. Бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
16 қазанда ер адам ұсталды. Сотта анықталғандай, ол оқиға кезінде мас болған әрі бейтаныс бойжеткеннен телефон нөмірін беруді қоймай талап еткен. Ер адам сотта кінәсін мойындады.
Соттың хабарлауынша, жаза тағайындау кезінде құқықбұзушылықтың сипаты, оның мас күйде жасалғаны, жәбірленушіні ұзақ уақыт қудалауы және жеке басына қолсұғылмаушылығын бұзуы ескерілген.
16 қазанда Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.