Астанада сот үкімімен тәркіленген блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға тиесілі сегіз Hyundai Elantra автокөлігі сатылымға қойылды. Көліктердің әрқайсысы 8,4 миллион теңгеге бағаланғанымен, аукционға жеке тұлғалар қатыса алмайды, деп хабарлайды kznews.kz.
Астанада сот үкімімен тәркіленген блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға тиесілі көліктер сатылымға қойылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында жарияланды.

Порталда 2025 жылы шығарылған сегіз бірдей Hyundai Elantra автокөлігін сату туралы хабарландыру орналастырылған. Көліктер сот шешімі бойынша тәркіленген мүлік қатарына кіреді.
Хабарландырудағы мәліметке сәйкес, барлық сегіз көлік сотталған Эльмира Төлегенова басқаратын Zhana Business ЖШС-нің атына тіркелген. Қазіргі уақытта олар Астанадағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.
Әрбір автокөліктің бағалау құны 8 миллион 395 мың теңге деп көрсетілген. Алайда бастапқы сату бағасы әзірге жарияланбаған. Сатылымға қойылған көліктердің сипаттамасында олардың екі кілті мен техникалық төлқұжаты бар екені жазылған. Сонымен қатар жүксалғышта қосалқы дөңгелек пен стандартты құралдар жиынтығы жоқ. Көліктердің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес екені және олардың үстіне әлі де тыйым салынғаны көрсетілген.
Сауда-саттыққа тек құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар, Президент қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мекемелер ғана қатыса алады.
Сондықтан жеке тұлғалар бұл аукционға қатыса алмайды.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жылға шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды.