Батыс Қазақстан облысында 10 жасқа дейін мектепке бармай, сауат ашпаған және күнкөріс үшін қоқыс арасынан тамақ іздеуге мәжбүр болған баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы Азаттық рухы жазды.
Сот материалдарына сәйкес, әйел ішімдікке әуес болып, баласына тиісті күтім мен тәрбие көрсетпеген. Соның салдарынан 10 жастағы бала мектепке мүлде бармаған және қарапайым әріптерді де танымай өскен.
Бала күнделікті қажеттіліктерін өзі өтеуге мәжбүр болған. Атап айтқанда, тамақ пен киімді қоқыс арасынан іздеп күн көрген.
Жағдай белгілі болған соң кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия баланы анасынан алып, арнайы орталыққа орналастырған. Алайда одан кейінгі үш ай ішінде анасы баласының жағдайын білуге де, оны іздеп баруға да әрекет жасамаған.
Мамандар баламен жұмыс жүргізу барысында оның ауыр психологиялық жарақат алғанын анықтаған. Психологтардың қорытындысы бойынша, бала мен анасының арасындағы эмоционалдық байланыс іс жүзінде жоғалған.
Сонымен қатар бала анасынан қорқатынын айтқан. Ол қайтадан анасының қарауына түсіп, бұрынғы тұрмыс жағдайына оралып қалудан қауіптенетінін жеткізген.
Сот істі қарау қорытындысында әйелді ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарды. Сонымен бірге одан баланы асырауға арналған алимент өндіру міндеті жүктелді.
Сот шешіміне сәйкес, өндірілетін алимент қаражаты баланың жеке депозиттік шотына аударылып отырады. Бұл қаражат баланың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және оның болашағына жұмсалуы тиіс.