Журналистердің «Назарбаевтар отбасының күзетшісі болып істедіңіз бе?» деген сұрағына Назаров:
«Мен бұл сұраққа талай рет жауап бердім. Бұл – жалған», – деп қысқа қайырды.
Депутат сонымен бірге интернетте жазылып жүрген «бір жылда екі диплом алды» деген пікірлерге де тоқталды.
«Қаласа, тексере берсін. Прокуратура болсын, басқа орган болсын – бәрінде құжат бар. Мен алдымен колледжді, сосын бакалаврды тәмамдадым. Кейін заң факультетін, артынан экономика мамандығын оқыдым. Барлығы әртүрлі жылдары», – деді ол.
Назаровтың нақтылауынша, 2009 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінде бакалавриатты, ал 2011 жылы осы оқу орнында «Экономика» мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған. Дәл сол жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Құқықтану» мамандығын қатар оқып бітірген.
«Яғни, бакалавриат – 2009 жылы, магистратура – 2011 жылы, сонымен бірге заңгерлік білімді қатар алдым», – деп түсіндірді депутат.
Ал жалған ақпарат таратқандарды сотқа беру жоспары бар ма деген сұраққа Назаров:
«Жоқ, ондай ойым жоқ. Маған ол қажет емес. Өзгенің ісіне мұрын тыға беретіндер – тыға берсін», – деп жауап қатты.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде белгілі тұлғаларға қатысты әртүрлі қауесеттердің көбеюі қоғамда жиі талқылануда. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда ресми түсіндірме беріп, ашық жауап беру – жалған ақпараттың алдын алудың ең тиімді жолы.