Еңбектеген баладан еңкейген қарияның қолына да, қалтасына да жабысып алған смартфонды бүгін де қоғамның дертіне айналдырып алдық. Оянсақ телефон, тамақ ішсек телефон, ұйықтар алды телефон, сауда жасау телефон, бәрі де телефонның төңірегінен шықпай қалды, деп жазады kznews.kz. Тіпті осы зат үшін қалтадағы соңғы тиынды сарп етуге де дайынбыз ғой, айтыңызшы.
Техникалық дүкендерде жалтылдаған айнаның арғы жағына сымға қонған қарлығаштай жаңа ұялы телефондарды қатар-қатар тізіп қойғанын көргенде, есің кетеді. Бірінен бірі өтіп тұр. Бағаларын айтпай-ақ қойдық. Мынандай бағаға “кім ала берсін?” дейін десең де, банктің қызметтерімен несиеге де, бөліп төлеуге де сатып алып жатыр. Биыл алғаның келесі жылы ескі марка, сосын жаңасы шығады, сосын тағы тағы тағы… Біз соңғы нұсқаларын ізінен қуып әлекпіз, олар жыл сайын жаңарып әлек.
Біз Apple, Samsung, Xiaomi секілді алып технологиялық брендтердің тұрақты тұтынушысымыз. Ресми ақпарат көздеріне сүйенсек, 2025 жылы қазақстандықтар тұтыну несиелері бойынша рекордтық деңгейге шықты, яғни 24,6 трлн теңгеден асады. Ал бөліп-төлеу бағдарламаларының 50%-ы электроника мен гаджеттер сатып алуға бағытталған. Сұмдық статистика, иә? Мәселен, ең соңғы үлгідегі IPhonе 1200000-ға жуық тұрады десек, оны кем дегенде екі жылға бөліп төлеуге алады. Бұл сомаға бір ғана телефон алу батылдық па әлде ақымақтық па? Ал басқа елдермен құнын салыстырсақ, дилер және салық әсерін ескермесек, Apple дүкеніндегі ресми ұсынылған бағаларда теңгемен шаққанда АҚШ-та 611.000, Жапонияда 682.000, Қытайда 730.000 тұрады. Әлдеқайда әжептәуір арзан. Олай болса неге біз өз Айфонымызды шығармаймыз? Сауал жай ғана телефон туралы емес, бұл елдің экономикасын да сөз ететін ауқымды әңгімеге айналмақ.
Біз жыр қылып отырған смартфон - бір зауыттың ғана өнімі емес, бұл мыңдаған компаниядан, ондаған елден, жүздеген технологиядан құралған экожүйе. Онда микрочип, бағдарламалық жасақтама, дизайн, логистика, патент, маркетинг, венчурлық инвестиция, инженерлік мектептің бәрі бар. Яғни iPhone — ақша мен ақыл, ғылым мен өндіріс, тәуекел мен нарық біріккенде шығатын қымбат өнім.
Ал Қазақстанда дәл осы тізбектің бірде-бірі толық жұмыс істемейді. Бізде мұнай, метал, уран, университет, IT мамандар бар. Сондықтан шикізат өндіреміз, компоненттер сатамыз, жұмыс күшін экспорттаймыз.
Өкініштісі, өнім шығармаймыз. Осыдан кейін еріксіз ақша бар, бірақ қайда деген ой туады.
Әрине, Қазақстанда банк те, инвестиция да, бюджет те жеткілікті. Бірақ олар стартапқа да, технологияға да, инженерияға емес, саудаға мен импортқа кетеді. Ал ауыз толтырып айтатын Apple, Samsung, Tesla сияқты компаниялар венчурлық капиталдан, тәуекелден, ұзақ мерзімді ойлаудан туады.
Halyk Finance сарапшысы Салтанат Игенбекова бұл мәселе төңірегінде «Қазақстанның экономикалық өсуі технологиялық трансформация мен инновацияны күшейтуді талап етеді. Қазір инновациялық қызмет пен R&D-ға жұмсалатын инвестициялар әлемдік стандарттан айтарлықтай төмен. Бұл технологиялық өнімдердің, соның ішінде iPhone-ға ұқсас өнімдердің шығуын тежейді», - деген еді.
Жасырып қайтеміз, біздің бизнестің тәуекелден қорқатыны айқын дүние. Сондықтан баяғы жартас сол жартас күйінде келе жатыр.
1960-жылдары қазіргі әйгілі алып мемлекет Оңтүстік Кореяның жағдайы өте төменгі деңгейде болды. Алайда соған қарамастан олар инженерлер даярлады, экспортқа бағыт алды, технологияға инвестиция салды, ұлттық бренд құрды. Қысқасы, ағаштағы тәтті дайын жемісті үзіп алуды емес, оны өздері өсіруді шешті. Сол үшін бүгін Samsung бар, Hyundai бар, LG бар.
Біз әңгіме қылып отырған iPhone — жай гаджет емес. Ол — елдің білім деңгейін, инженерлік күшін, инвестициялық мәдениетін, болашаққа деген сенімін көрсететін айна.
Бізде метал бар, чип жоқ, мұнай бар, бренд жоқ, маман бар, біріктіретін күш пен қолдау жоқ, университет бар, стартап жоқ, банк бар, технологияға несие жоқ. “Айта, айта Алтайды” демекші, жағдай осы. Бір IPhone бірнеше елдің экономикасы туралы сайрап тұр, бір смартфон бірнеше елдің экономикасын тіреп тұр, бірақ осы бір гаджеттен біздің де жағдайымыз көрініп тұр.