Астанада таңертең жұмысқа бара жатқан бойжеткенге шабуыл жасады деген күдікпен 27 жастағы ер адам ұсталды. Оқиға 29 шілде күні қалалық саябақтардың бірінде болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен саябақ арқылы өтіп бара жатқан сәтте артынан белгісіз ер адам шабуыл жасаған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, күдікті қызына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасауға әрекеттенген.
Алайда бойжеткен қарсылық көрсетіп, қатты дауыстап көмекке шақырған. Оның айқайынан сескенген күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
Оқиғадан кейін қыздың отбасы әлеуметтік желі арқылы куәгерлерден көмек сұрап, күдіктіні анықтауға жәрдемдесуді өтінген.
Астана қаласы Полиция департаменті күдіктінің жеке басы жедел анықталғанын мәлімдеді.
«27 жастағы ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.
Жәбірленушінің анасы әлеуметтік желідегі жазбасында бұл істің жеңіл баппен қаралмауын сұрап, күдіктінің қоғам үшін қауіпті екенін айтқан.
Сонымен қатар полиция аталған дерек бойынша ер адамға қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік материал рәсімделгенін хабарлады. Іс соттың қарауына жолданған.
Айта кетейік, құқықтық баға беру мен істің түпкілікті мән-жайын сот пен құқық қорғау органдары анықтайды.