Алматы облысында адам өліміне әкелген жантүршігерлік жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы апат салдарынан бір отбасының үш мүшесі көз жұмып, тағы бірнеше адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен кезде болған. Салдарынан ол Audi 100 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде Audi автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде танылған жүргізуші қамауға алынды», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Мамандар апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмдардың туыстары әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, тергеудің әділ әрі ашық өтуін талап етті. Гүлжан Тұрдиева есімді қолданушының жазуынша, апат болған көлікте оның әпкесі мен жездесі, олардың үш баласы және 10 айлық немересі болған.
Оның айтуынша, жол апаты салдарынан үш адам қаза тауып, отбасының қалған мүшелері ауыр жарақат алған. Ерлі-зайыптылардың екі баласы мен нәресте немересі көптеген сүйек сынықтарымен ауруханаға жеткізілген.
«Бірнеше секундтың ішінде біздің өміріміз түбегейлі өзгерді. Бір отбасының үш мүшесінен айырылдық. Ендігі жалғыз талабымыз – бұл істің әділ тергелуі және кінәлі адамның заң алдында толық жауап беруі», – деп жазды марқұмдардың туысы.
Жақындары әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сүйеніп, апатқа кінәлі жүргізушінің мас күйде болғаны туралы болжамдар айтылғанын жеткізуде. Алайда бұл ақпаратқа қатысты құқық қорғау органдары әзірге ресми қорытынды жариялаған жоқ.
Қазіргі уақытта қаза болғандардың туыстары кінәлі тараптың қатаң жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр. Тергеу жалғасуда.