"1001 түн" бағдарламасына қонақ болған кино және театр актері Асанәлі Әшімов студияда өмірден ерте өткен ұлдарын еске алып, көзіне жас алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Актердің айтуынша, анасы мен балалары түсіне жиі кіретін болған. Бір сәтті ерекше тебіреніспен баяндады.
"Анам мен ұлдарым түсіме жиі кіретін. Бірде ауруханада ем қабылдауға барарда ұйықтап қалыппын. Сол сәтте Сағи ұлым түсіме кірді. Оның «аға» деген дауысын естідім. Оятқаны ғой. Балаларымды інімдей көрдім. Бір өкінішім – бетінен бір сүймеппін", – деді актер көзіне жас алып.
Айта кетейік, Сағи Әшімов 1961 жылы дүниеге келіп, 1999 жылы небәрі 38 жасында өмірден өткен.
Сағи Әшімов 9-сыныптан бастап киноға түсіп, шамамен 30-ға жуық фильмде түрлі рөлдерді сомдаған. Алайда оның өнер жолындағы ең биік шыңы – "Шоқан Уәлиханов" телефильміндегі басты рөлі болды. Бұл бейне оған небәрі 25 жасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын әперді.
Өмірден ерте өткен Сағи Әшімов көрермен жадында "аққан жұлдыздай" жарқ еткен дара талант ретінде қалды. Ал Асанәлі Әшімов үшін қос ұлынан айырылу – жүректен кетпес жазылмас жара.
"Кейде бәрін өзімнен көремін. Атақ, даңқ адамды байқатпай өзгертіп жібереді екен. Алла Тағала сол үшін ескерту жасады ма деп ойлаймын", – дейді актер.