Продюсер, «Ұлытау» тобының негізін қалаушы Қыдырәлі Болман көпшілікке «АБК» тобының тарихын еске салып, топтың болашағына қатысты ойын бөлісті. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында топ мүшелерімен бірге бас қосқан сәттен видео жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Қыдырәлі Болманның айтуынша, ол жақында «АБК» тобының мүшелері Медеу Арынбаев пен Ерлан Сейітовпен бірге достарының қуанышына барған. Осы басқосу оған топтың құрылған кезеңін еске түсірген.
Продюсердің сөзінше, оның Медеу және Ерланмен таныстығы 1990-жылдардың басындағы «Азия дауысы» халықаралық байқауына байланысты басталған. Ол кезде Медеу байқауға қатысушы болса, Қыдырәлі Болман конкурс қонақтарының қатарында болған. Кейін Ерлан да қосылып, үшеуінің шығармашылық байланысы нығая түскен.
Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақстандық эстрадада шетел тілінде ән шырқайтын топтар мен орындаушылардың басым болғанын атап өтті. Осындай кезеңде қазақ тіліндегі заманауи музыканы насихаттайтын жаңа топтың қажеттілігі туындағанын айтты.
«Дос-Мұқасаннан кейін жастарға арналған заманауи топ керек болды. Қазақ тіліндегі әндерге сұраныс бар еді. Еліміздің шоу-бизнесін қазақша қалыптастырудың алғашқы қадамдарының бірі – АБК тобы болды», – деп жазды продюсер.
Қыдырәлі Болман топтың алғашқы кезеңіндегі жұмыстарды да еске алды. Оның айтуынша, «АБК» үшін алғашқы бейнебаянды түсіруді режиссер Ақан Сатаевқа тапсырған. Ал топтың алғашқы хит әндерінің бірі Ахмедиар Есмұхановтың «Тамшылар» композициясы болған.
Продюсердің айтуынша, «АБК»-ның шығармашылығы кейін қазақ эстрадасында үштік форматтағы топтардың көбеюіне ықпал еткен. Енді келер жылы топтың құрылғанына 30 жыл толмақ.
Осыған байланысты Қыдырәлі Болман топ мүшелерімен бірге концерт өткізу немесе Қазақстанның әр өңірін аралап, гастрольдік тур ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
«Концерт дайындайық па, Қазақстан бойынша елді аралап, турне жасаймыз ба деп ойланып отырмыз. Ниет бар. Қалай боларын бір Алла біледі. Сіздер қалай ойлайсыздар? Қандай талап-тілектеріңіз бар?» – деп оқырмандарына сауал жолдады ол.
Продюсердің бұл бастамасы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Желі қолданушылары «АБК» мүшелерінің қайта бас қосып, ел алдына шығуын құптайтындарын айтып, топтың қазақ музыкасының қалыптасуындағы еңбегіне лайықты баға берілуі керектігін жазды.
Еске сала кетейік, «АБК» тобы Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарындағы қазақ эстрадасының дамуына үлес қосқан танымал музыкалық ұжымдардың бірі саналады.