Оралбай Әбдіқадыр бұл туралы 2024 жылы "Астарлы ақиқат" бағдарламасына берген сұхбатында әңгімелеген. Оның айтуынша, қайғылы оқиға 2000 жылдың 27 қарашасында болған. Сол күні Мәдина Ералиева жақындарымен бірге Қызылорда облысының Қазалы өңірінен жолға шыққан.
Көлікте әншінің өзінен бөлек Оралбай Әбдіқадыр мен Болат есімді азамат болған. Сол күні ауа райы қолайсыз болып, жолдың беті мұз қатқан. Дегенмен олар сапарларын жалғастыруға шешім қабылдаған.
"Оразаның бірінші күні еді. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Көлікте үш адам болдық – мен, Болат, Мәдина. "Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар" деді Мәдина. Келістік", – деп еске алды Оралбай Әбдіқадыр.
"Жаңадан жазған әндерін қайта-қайта тыңдатты"
Әншінің күйеубаласының айтуынша, сапардың алғашқы бөлігінде ешқандай қауіп байқалмаған. Мәдина Ералиева көлік жүргізіп келе жатып, өзінің жаңадан жазылған әндерін қосып, жанындағы адамдарға тыңдатқан. Көліктің іші жылы болғандықтан, Оралбай Әбдіқадырдың көзі ілініп кеткен.
"Жаңадан жазған кассетасындағы әндерді қойып, қайта-қайта бізге тыңдатып отырды. Көліктің іші жылы, жанға жағымды музыка болған соң, көзім ілініп кетіпті. Болат пен Мәдина әңгімелесіп отырған", – деді ол.
Алайда көп ұзамай көліктің қозғалысы өзгеріп, жолаушылар қауіпті жағдайға тап болған. Оралбай Әбдіқадырдың сөзінше, автомобиль жолдың ойлы-қырлы тұсынан өткен кезде қатты дірілдей бастаған. Сол сәтте көліктің жылдамдығы да жоғары болған.
"Көлік бірнеше рет аударылды"
Қайғылы оқиғаның қалай болғанын еске алған Оралбай Әбдіқадыр автомобильдің аяқ астынан жолдан шығып кеткенін айтты. Оның сөзінше, көлік мұзда сырғанап, сайға қарай аударылған.
"Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жерге қарасақ, шаң болып жатыр екен. Болат "Мадина, блоктан шығарып қой, май жейді" деді. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Содан көлік шана сияқты сай жаққа аунап түсті", – деді ол.
Осы сәтте жолаушылар не болып жатқанын толық түсініп үлгермеген. Автомобиль бірнеше рет аударылып, ақырында қатты соққымен тоқтаған.
"Мынау қашан тоқтайды" деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Қарасақ, біз кетіп бара жатқан бағытпен емес, қарама-қарсы бағытқа қарап қалыппыз. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты", – деп еске алды әншінің күйеубаласы.
Апаттан кейін көліктегі адамдар есін жиып, айналаға қараған. Алайда Мәдина Ералиева автомобильдің ішінде болмаған.
"Мәдина көліктің ішінде жоқ еді"
Оралбай Әбдіқадырдың айтуынша, жол апатынан кейін олар әншіні көлік ішінен таба алмаған. Оның сөзінше, Мәдина Ералиева қауіпсіздік белдігін тақпаған. Көлік аударылған кезде оның сыртқа қалай шығып кеткенін ешкім нақты білмеген.
"Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді", – деді Оралбай Әбдіқадыр.
Осыдан кейін ол Болатпен бірге әншіні іздей бастаған. Көп ұзамай Мәдина Ералиеваны көліктен алыстау жерде, қырлау тұстан тапқан. Олардың айтуынша, сол сәтте әншінің жүрегі әлі соғып тұрған. Жанындағы азаматтар уақыт жоғалтпай, жолдан өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатуға тырысқан.
Мәдина Ералиеваның соңғы сөзі қандай болған?
Оралбай Әбдіқадырдың естелігінше, көп ұзамай жасыл түсті "Жигули" автокөлігі тоқтаған. Олар жүргізушіге болған жағдайды түсіндіріп, ауыр жарақат алған әншіні көлік салонына орналастырған. Осы сәтте Мәдина Ералиева жанындағы Болат есімді азаматқа соңғы өтінішін жеткізген.
"Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар, дереу жолдан көлік тоқтаттық. Жасыл түсті жигулиге көзіміз түсіп, қол көтергенбіз, тоқтады, жағдайды түсіндірдік. Мәдинаны салонға жатқыздық. Мен шашылған заттарды жинауға кеттім. Болатқа "балама қара" деп бір-ақ сөз айтыпты", – деді Оралбай Әбдіқадыр.
Оның айтуынша, әнші соңғы сәтінде жалғыз ұлы Арсенді ойлап, оны жақындарына аманаттаған. Бұл сөз кейін отбасы мүшелерінің жадында мәңгі сақталып қалған.
Мәдина Ералиеваның қазасы
Мәдина Ералиева 2000 жылғы 27 қарашада Арал – Ташкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Ол кезде әнші небәрі 46 жаста еді.
Өнер иесінің қазасы қазақ музыкасы үшін ауыр қайғы болды. Ерекше дауысымен және өзіндік орындаушылық мәнерімен танылған әнші халық арасында "Қазақтың Ақбаяны" атанған.
Мәдина Ералиеваның артында жалғыз ұлы Арсен Ералиев қалды.
Бұған дейін Арсен де анасының өмірден өткенін қалай естігенін айтып, оның денесін Қызылорда өңірінен арнайы ұшақпен алып келгенін еске алған болатын.