Қазақстан құрамасы халықаралық бокс турнирінде табысты өнер көрсетіп, жүлделер қорын бірнеше медальмен толықтырды. Әсіресе, финалдық жекпе-жектерде ел намысын қорғаған боксшылар жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, алтын медальдарға қол жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен тәжірибелі боксшы Назым Қызайбай финалда Италия өкілі Сирин Чараабимен кездесіп, тартысты жекпе-жекте жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық спортшы ел қоржынына кезекті алтын медальді салды.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Виктория Графеева турнирдің басты сенсацияларының біріне айналды. Ол финалда Тайбэй құрамасының атынан өнер көрсететін Олимпиада чемпионы Юй-Тин Линьді жеңіп, алтын жүлдені иеленді. Бұл жеңіс қазақстандық боксшының халықаралық аренадағы маңызды жетістіктерінің бірі болды.
Қазақстан құрамасының үшінші алтын медалін 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов жеңіп алды. Финалда ол Үндістан боксшысы Дипакпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен айқын басымдық танытты.
Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында үш алтын және үш қола медаль бар. Бұған дейін әйелдер құрамасының өкілдері де жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын. Атап айтқанда, Аида Әбікеева 65 келіге дейінгі салмақта, Валерия Аксенова 80 келіге дейінгі салмақта және Дина Исламбекова 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық боксшылардың нәтижесі ұлттық құраманың халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, ел спортындағы кезекті маңызды жетістік ретінде бағалануда.