Белгілі визажист Роберт Минасян Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен жұмыс істеген кезеңі жайлы ашық айтып берді. Ол бұл туралы журналист әрі блогер, "Дом-2" жобасының бұрынғы қатысушысы Рустам Солнцевтің блогында мәлімдегенін ozgeris.info хабарлайды.
Минасянның айтуынша, шамамен 20 жыл бұрын оны арнайы Алматыға шақырып, экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваға макияж жасау тапсырылған. Алайда бұл сапар бір реттік жұмыс емес, бірнеше күнге созылған.
"Мені арнайы алдыртып, бес түнге қалдырды", – дейді визажист.
Ол сол уақыт аралығында Назарбаевтар әулетінің жақын ортасында болып, күндердің түрлі кештер мен басқосулармен өткенін жеткізді.
"Бес түн қатарынан өте қызу қыдырдық", – деп еске алады Минасян.
Сондай-ақ визажист дәл осы сапарында алғаш рет Birkin сөмкесін көзбен көргенін айтып, сол кезеңдегі сән-салтанат пен байлықтың ауқымы өзін қатты таңғалдырғанын жасырмады.
Роберт Минасян атқарған қызметі үшін қомақты сыйақы алғанын да атап өтті. Оның сөзінше, Әлия Назарбаева бір ғана макияж үшін "ондық" төлеген, алайда нақты қай валютада берілгенін нақтыламады.
Айта кетейік, Роберт Минасян 1990-жылдардан бері гримёр әрі визажист ретінде еңбек етіп келеді. Ол кәсіби жолында бірнеше елде жұмыс істеп, бүгінде Калифорнияда тұрады. Қызметін АҚШ, Ресей, Армения және Германиядағы шоу-бизнес өкілдері пайдаланған.