Белгілі ұстаз Айман Сағидулла Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовке мұғалімдердің денсаулығына қатысты маңызды өзгеріс енгізуді ұсынды.
Ол «Педагог мәртебесі» заңына арнайы бап енгізуді сұрады. Ұсынысқа сәйкес, егер мұғалім сабақ басталар алдында немесе сабақ кезінде сырқаттанып қалса, мектеп басшылығы оны дереу дәрігерге баруға жіберуге немесе жедел жәрдем шақыруға міндетті болуы тиіс.
Ал басшылық тарапынан кедергі келтірілген жағдайда, директор жауапкершілікке тартылуы қажет.
Белсенді ұстаз өзінің басынан өткен жағдайды мысал ретінде келтірді. Ол ауырып қалған сәтте директордан ауруханаға барып келуге рұқсат сұраған. Алайда мектеп басшысы келісім бермеген. Сол кезде әріптесінің көмегімен ғана дәрігерге қаралып үлгерген.
«Мұғалім де – адам. Оның да отбасы, балалары бар. Денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс. Бірақ кейбір директорлар бізді робот секілді көреді», – деп жазды Айман Сағидулла.
Ол бұл мәселені депутат Асхат Аймағамбетов пен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың назарына ұсынды. Мұғалімнің айтуынша, бұл – жеке жағдай емес, бүкіл ұстаздар қауымына ортақ проблема.