KZNews.kz
Қоғам

Белгілі журналист депутат Ардақ Назаровтың үш дүркін әлем чемпионы болмағанын дәлелдеп берді

Ayzhan Sylanova

Әбенованың айтуынша, Назаров өзінің сұхбаттарында «ешқашан жеңілмегенмін, тек екі рет тең түскенмін» деп айтқанымен, бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды.

«Назаровтың жекпе-жек нәтижелерін ашық дереккөздерден тексеріп көрдім. Атап айтқанда, әлемдік Tapology.com және Sherdog.com сайттарында оның ресми рекордтары көрсетілген. Онда Назаров 20 жекпе-жекте жеңіске жетіп, 3 рет жеңіліп, 1 рет тең түскен деп жазылған», – дейді журналист.

Оның сөзінше, спортшы 2005 жылы Кореяда өткен турнирде жеңілген.

«Ардақ Назаров өзін 2005 жылы Кореяда өткен әлем чемпионымын деп таныстырады. Бірақ халықаралық сайттардағы мәлімет бойынша, ол сол жылы Du Hyung Kim есімді қарсыласынан төрешілердің шешімімен бірінші раундта жеңіліп қалған. Сол жарыста қазақ спортшылары Төлеген Ақылбеков, Дәнеш Дүнгенбаев және қырғызстандық Замир Сырғабеков пен UFC чемпионы Валентина Шевченко жеңіске жеткен», – деп жазды Әбенова.

Журналистің айтуынша, Назаровтың қарсыластарының көбі — кәсіби мансабын енді бастаған спортшылар болған.

«Назаров алғашқы 11 жеңісіне дейін тек дебютанттарды ұтқан. Ал M1 Global ұйымы аясындағы алғашқы ірі жекпе-жегінде армян спортшысы Карен Григоряннан (2-0) жеңілген», – дейді ол.

Сондай-ақ Әбенова Назаровтың сұхбаттарында жиі айтатын Брендон Гарнерді ұттым деген сөзі де шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартты.

«2007 жылы өткен Ардақ Назаров пен Брендон Гарнер арасындағы кездесу тең аяқталған. Бұл кезде Назаровтың көрсеткіші 16-2 болған», – деді журналист.

Оның дерегінше, Назаровтың соңғы жеңілісі 2010 жылы Lance Wipf есімді америкалық спортшыға қарсы жекпе-жекте тіркелген.

«Барлық статистикаға сүйенсек, Ардақ Назаров өз айтқандай Әлемнің үш дүркін чемпионы емес. Ол — кәсіби тұрғыда орта деңгейдегі спортшы болған», – деп түйіндеді Гүлбану Әбенова.

Сондай-ақ ол Назаровтың қазіргі деңгейі Қазақстандағы Alash Pride, Naiza және Octagon лигаларында өнер көрсетіп жүрген орта буын спортшылардан аса жоғары емес екенін де атап өтті.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары