Қасиетті қара шаңырақ саналатын «Қазақ әдебиеті» газетінің босағасына неше дүлдүл ақын мен жазушылар бас сұғып, шежірелі өмір кешкені мәлім. Басылымға жаңа құрам келгелі жаңа айдарлар ашылып, газетіміз соны жаңалықтармен кестеленді. Қара шаңырақтың ауқымды жаңалықтарының бірі – «Жас тұлпар» қосымшасының ашылуы болды. Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов секілді сом тұлғалардың алғысөзімен, батасымен өз жұмысын жалғастырған қосымша оқырман ықыласына бөлене білді. Қосымша ашылғалы қарқынды түрде жұмысын жалғастырып, жастардың көзайымына айналып үлгерді. Таланттардың көзін ашып, әдеби ортаға танылуына әсер етті. «Жас тұлпардың» поэзия бетіне шыққан жас ақын Түменбай Ақжолдың өлеңдері көпшілік көңілінен шығып, арнайы ауылынан (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылы) алдырып, «Қазақстан» ұлттық арнасының «Қарекет» бағдарламасына түсірілді. Тағы да бірнеше талантты жастар газетімізден қанат қағып, ағаларының жылы пікірін естіді.
Басылымның тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалығы «Әлем әдебиетінің жауһарлары» айдарының ашылуы болды. Тек қана ұлт әдебиетінің атмосферасында ғана емес, америка, испания, франция, германия елдерінің әдеби жаңалықтары төл тілімізге аударылып, газет бетінде көрініс тапты. Тілшілерміз дарынды жас ақын, ағылшын тілінің маманы Дүйсенәлі Әлімақын, Алпамыс Файзолла, жапон тілінің маманы Шарафат Жылқыбаеваның жүйелі жұмыс жасауының арқасында әлем әдебиетінен сұхбаттар, мақалалар, прозалық, поэзиялық дүниелер аударылып, оқырман алғысына бөленді.
Жапон тілінің маманы, аудармашы Шарафат Жылқыбаеваның арқасында газетіміз Жапонияға кеңінен тарайтын «Жапония және Еуразия» газетінің 14-ші және 97-ші сандарында Күншығыс жұртына кеңінен таныстырылып, дәстүрі берік жұртқа Қазақ ұлтының құнарлы сөзін, асқақ әдебиетін насихаттады.
Қорыта айтқанда, газетіміздің жаңа бағытқа өтуіне, жаңаша жандануына қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Әдебиеттегі үлкен тұлғалардың, оқырмандардың ризалық сөздерін естіп, қанаттанып, қуаттанып қалатынымыз да жасырын емес. Бізге дейін де мәртебесі биік болған газетіміздің беделін түсірмеуді ғана емес, оқырман талғамын өсіріп, өрісін кеңейтуді ойлаған газет ұжымы сыбағалы мақсат, міндетін жалғастыра бермек.
Батырхан СӘРСЕНХАН
Қазақ әдебиеті