Өмірқұл Айниязов бұл туралы Kesdesu YouTube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі. Әнші жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттарды айтып, отбасын сақтап қалуда махаббат пен өзара түсіністіктің маңызына тоқталды.
Оның пікірінше, ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүруіне тек ортақ бала себеп болмауы керек. Отбасының берік болуы үшін ең алдымен екі адамның арасында шынайы сезім мен сыйластық болуы қажет.
"Махаббат – бірінші болу керек. Кейбір адамдар "махаббат жоқ, бала үшін жүреді" деп жатады. Олай болмайды деп ойлаймын. Махаббат болмаса, біреудің қасына жату да оңай емес. Сондықтан бірінші махаббат, содан соң сыйластық, бағалау", – деді әнші.
"21 жыл бойы балалы бола алмадық"
Сұхбат барысында Өмірқұл Айниязов жұбайымен ұзақ жылдар бойы сәби күткенін айтты. Өнер иесінің сөзінше, перзент сүю жолындағы қиындықтар екеуіне де ауыр тиген. Жылдар өткен сайын түрлі ой мазалап, кейде отбасылық өміріне қатысты күрделі шешімдер қабылдау туралы да ойланған.
Тіпті бір кезеңде басқа әйел алу мәселесін де қарастырғанын жасырмады.
"21 жыл бойы балалы бола алмай жүрген кезде адамның басына неше түрлі ой келеді. Мен де "мүмкін басқа әйел алу керек шығар" деп ойладым. Бірақ жалғыз баламның көзі мөлдіреп басқа жақта жүргенін елестете алмадым. Менің жүрегім ондайға дауаламады", – деді Өмірқұл Айниязов.
Әнші мұндай ойдың басына келгенімен, отбасынан кетуге немесе басқа шаңырақ көтеруге жүрегі дауаламағанын жеткізді. Ол жұбайымен бірге бастан өткерген қиындықтарына қарамастан, отбасындағы махаббат пен сыйластықты сақтауға тырысқанын айтты.
"Кейінгі екі баламыз ЭКО арқылы дүниеге келді"
Өмірқұл Айниязов сұхбат кезінде балаларының дүниеге келуіне қатысты да ашық әңгімеледі. Оның айтуынша, кейінгі екі перзенті экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісінің көмегімен дүниеге келген. Әнші бұл туралы айтудан ұялмайтынын және мұндай мәселені қоғамнан жасырудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
"Жасырудың қажеті жоқ, кейінгі екі баламыз да ЭКО арқылы дүниеге келді. Оның өзі де оңай емес. Ол дүниемен 2013 жылдан бастап айналыссақ, 2021 жылы балалы болдық", – деді өнер иесі.
Оның сөзінше, ерлі-зайыптылар 2013 жылдан бастап медициналық көмекке жүгініп, бірнеше жыл бойы ем қабылдаған. Нәтижесінде 2021 жылы олардың отбасында көптен күткен қуанышты сәт болған. Әнші бұл кезеңде түрлі қиындықтарды бастан өткергенін айтып, бала сүюді армандаған отбасыларға өз тәжірибесінен кеңес берді.
"Елден ұялып, уақыт өткізбеу керек"
Өмірқұл Айниязов перзент сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың кейде көпшіліктің пікірінен қысылып, дәрігерге баруды кейінге қалдыратынын айтты. Ол мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, мәселенің себебін анықтау үшін мамандарға жүгінген дұрыс деп есептейді.
"Қазақылыққа салынып, елден ұялап қалмау керек. Көп жас балалармен әңгіме айтқанда "уақыт өткізбе, мәселені түбіне дейін шешу керек" деп айтамын", – деді әнші.
Өнер иесі медициналық көмекке жүгіну немесе ЭКО әдісін пайдалану ұялатын мәселе емес екенін атап өтті.