KZNEWS.KZ
Қоғам

"Бәрін тұрғызып қойып ұрған": Жамбыл облысындағы жасөспірімнің өліміне қатысты жақындары тың деректер айтты

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында 15 жастағы оқушы өзінен үлкен жасөспірімнің соққысынан кейін көз жұмды. Марқұм кеудесінен соққы алып, жерге құлаған. Орнынан тұрмаған күйі, тіл тартпай кеткен, деп хабарлайды kznews.kz КТК басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Осында жүгіріп келгенде, балам дәл осы жерде жатты. Басы шалқайып кеткен еді. Денесі әлі жылы болатын. Оны көтеріп алып, есін жиғызуға тырыстым. Кейін жедел жәрдем келіп, “Бәрі бітті” деді", – дейді баланың әкесі.

Оның айтуынша, ұлы жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің құрбаны болған. Әкесі бұған дейін ауыл балаларының арасында мұндай төбелес болмағанын айтады. Алайда қайғылы оқиға болған күні тағы бірнеше баланың соққыға жығылғанын жеткізді. Ауыл тұрғындары да мұны растайды, бірақ ашық сөйлесуге қорқады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жастар осы алаңға жиі жиналады. Мұнда үлкендер кішілерді "тәрбиелейді" деген әңгіме бар. Миятбек Ерсейіт те дәл осы жерде кеудесінен соққы алып, артынша есінен танып қалған.

Марқұмның әкесі Ертай Қонысбаевтың айтуынша, сол күні жасөспірімдер жиналған балалардың бәрін ұрған.

“Бәрін жаппай ұрған. Бірақ олардың ешқайсысы құлаған жоқ. Балам ең соңында тұрған. Телефонын қарап, өз шаруасымен тыныш жүрген. Өзі арықша келген, бойы ұзын, сымбатты бала еді. Соққыдан құлап түскенде, олар жай ғана есінен танып қалды деп ойлаған. Отырғызуға, тұрғызуға тырысқан. Кейін жарық жерге алып шығып, жедел жәрдем шақырған да, өздері қашып кеткен”, – дейді әкесі.

Алайда марқұмның туыстары айтқан жайттарды әзірге ресми түрде ешкім растаған жоқ. Білім бөлімінде оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын ғана нақтылады.

Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Өскембекованың сөзінше, жасөспірімдер мен олардың ата-анасы арасында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүреді.

“Жасөспірімдермен де, ата-аналармен де профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір таңертеңгі және кешкі уақытта рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ата-аналар жиналысын өткізіп, сынып сағаттарында балалармен сөйлестік. Бұл жұмыстар сынып жетекшілерімен, полиция қызметкерлерімен және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциямен бірлесіп тұрақты түрде жүреді”, – деді ол.

Мәліметке сәйкес, марқұм мен оған соққы жасаған жасөспірім бір-бірін жақсы таныған. Олар бір лицейде оқыған, ал отбасылары көрші тұрады.

Миятбекті бүкіл ауыл болып жерледі. Марқұмның анасы Айгүл Абзалиеваның айтуынша, жерлеу рәсімінен кейін марқұмның үйіне ауыл ақсақалдары мен туыстары кешірім сұрап келген.

“Жерлеген соң үйімізге көп адам келді. Ақсақалдар да, олардың туыстары да келіп, кешірім сұрады. Біз кешірдік. Ол жақсы бала еді, бір мектепте оқыды. Бізді көрген сайын амандасатын. Әкесі де үйімізге келіп, кешірім сұрады. Кешірдік, енді не істейміз?”, – дейді анасы.

Соған қарамастан, марқұмның туыстары кешірім берген 16 жастағы күдікті қазір тергеу изоляторында отыр.

Полиция аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы (абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →