Дерекке қарасақ, еліміздің банктері биылғы бірінші жартыжылдықта экономикаға 20,4 триллион теңге жаңа несие берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 8,6 пайызға көп.
Бірақ, несие көлемінің өсуі банктердің табысын арттыруға жол ашқан жоқ. Талдау көрсеткендей, несие көлемі бойынша негізгі өсім бизнеске тиесілі. Кәсіпкерлерге берілген жаңа несие 20,7 пайызға көбейсе, халыққа берілген қарыз 3,6 пайызға азайған. Ал бизнес несиелерінің 63,8 пайызы бір жылға дейінгі мерзімге берілген. Демек, кәсіпкерлердің сұранысы көбіне ұзақ мерзімді инвестициядан емес, айналым қаражатын толықтырудан туындап отыр.
Халықтың жаңа несие алуы азайғанымен, банктер алдындағы жалпы қарызы 4,3 пайызға өскен. Бұл бұрын алынған несиелердің әлі өтеліп жатқанын көрсетеді.
Жалпы, банктердің табысына негізгі қысым ақшаның қымбаттауынан болып отырған көрінеді. Жыл басынан бері банктердің ресурс тарту құны 0,79 пайыздық тармаққа өскен, ал активтерден түсетін табыс 0,35 пайыздық тармаққа ғана артқан. Соның салдарынан таза пайыздық маржа 6,78 пайыздан 6,44 пайызға төмендеді.
Яғни, банк көбірек несие бергенімен, оны қаржыландыруға кететін шығын да көбейіп отыр. Бұған қоса корпоративтік табыс салығы 11,1 пайызға өсіп, 273 млрд теңгеге жеткен.
Дегенмен, банк жүйесінің тұрақтылығы сақталып отыр. Жалпы, капитал 5,6 пайызға өскен, ал халық депозиттері 6,7 пайызға артқан.
Қысқасы, қазіргі мәселе несие берудің көлемінде емес, сол несиеден қалатын пайдада болып отыр. Яғни, ақша қымбат болған сайын банктің табысы да қысымда қала береді.