KZNEWS.KZ
Қаржы

Банктерде 52 триллион теңге бар: Тоқаев бұл қаржы енді экономикаға жұмыс істеуі керек деп санайды

Фото: ашық дереккөздерден

Ол сөзінде қаржы жүйесінің сындарлы кезеңдегі орынын лайықты бағалап, бұдан әрі де Ұлттық банкке экономиканы дамытуға ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуды тапсырды.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, елдегі банктердің активі 75 триллион теңгеден, депозит көлемі 52 триллион теңгеден асқан. Салымдардың 78 пайызының ұлттық валютада сақталуы да қаржы жүйесіндегі маңызды көрсеткіш ретінде аталды. 

Алайда, негізгі мәселе теңгедегі депозиттердің үлесінде ғана емес. Ендігі міндет банктерде шоғырланған қаржының өндіріс, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес пен жаңа жұмыс орындарын дамытуға қаншалықты жұмсалып жатқанын бағалау болмақ.

Жалпы, қаржының көп болуы экономиканың автоматты түрде дамитынын білдірмейді. Егер банктер үшін тәуекелі төмен әрі табысы жоғары бағыттарға ақша орналастыру тиімді болып, өндірістік жобаларды қаржыландыру екінші кезекте қалса, жинақтың молдығы нақты секторға қажетті серпін бермеуі мүмкін.

Сондықтан да қаржы жүйесінің тұрақтылығын бағалағанда депозит пен актив көлеміне ғана сүйену жеткіліксіз екен. Бұл жерде кәсіпорындарға берілген кредиттердің үлесі, өндірістік инвестициялардың қолжетімділігі, кредит мөлшерлемелері және шағын бизнеске қойылатын талаптар да назарда болуы керек.

Яғни, Президенттің Ұлттық банкке қатысты тапсырмасы осы тұрғыдан маңызды. Демек, қаржы жүйесінің әлеуеті енді оның көлемімен ғана емес, ел экономикасына беретін нақты нәтижесімен өлшенуге тиіс. Банктердегі триллиондаған теңге өндіріс көлемінің өсуіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және еңбек өнімділігінің артуына ықпал ете алса, жинақ экономикалық дамудың нақты тетігіне айналатынына сенуге болады.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →