KZNews.kz
Қаржы

Банкоматтан ақша шешкен деректер енді алты айға дейін базаға енгізіледі. Жаңа талаптар нені өзгертпек?

Дархан Тоқан
Банкоматтан ақша шешу. Жасанды интеллект

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда банкомат арқылы жасалатын қолма-қол операцияларға бақылау күшейіп, банктер камерадағы видеоны кемінде 180 күн сақтауға міндеттеледі, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі digitalbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа тәртіпке сай, банкомат жанындағы камерада жазылған бейнежазба жарты жыл бойы архивте тұруы керек. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов мұның мақсаты – күмәнді операцияларға қатысы бар адамдарды оңайырақ анықтау және анонимді түрде ақша қолма-қолдандырудың жолын тарылту екенін айтқан.

ҚМА мәліметінше, банкоматтар әлі де «көлеңкелі» схемаларда ақша қолма-қолдандыратын негізгі арналардың бірі болып отыр. Агенттік дерегінде өткен жылдың басынан бері күмәнді операциялар арқылы 13,3 триллион теңге қолма-қолға айналғаны көрсетіледі. Мұндай жағдайлардың түпкі түйіні – анонимділік: үшінші адамның картасын пайдалану, ақша жіберуші мен алушының нақты кім екенін дәлелдеудің қиындығы.

Бақылауды күшейту тек видеомен шектелмей, алдағы уақытта биометриялық сәйкестендіруді енгізу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Яғни қолма-қол ақша шешкенде бет-әлпетті тану немесе саусақ ізі арқылы растау сияқты тәсілдер күн тәртібіне шыққан. Бұл жаңалық заңсыз айналымға қосымша тосқауыл болып, транзакцияның «ізін» айқынырақ қалдыруға бағытталған.

Дегенмен халық арасында «банкоматтан ақша шешсем, салық тексере ме?» деген алаң күшейгені байқалады. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берген: банкомат арқылы шотты толықтыру секілді күнделікті операциялар салықтық бақылаудың нысаны емес. Комитеттің айтуынша, салық органдары депозиттен аударымдарға, банкомат арқылы шот толтыруға, жалақы мен әлеуметтік төлемдерге, сондай-ақ жақын туыстар арасындағы аударымдарға (ерлі-зайыптылар, ата-ана мен бала) қызықпайды.

Жалпы, жаңа ережелердің негізгі мақсаты – қарапайым азаматты қыспаққа алу емес, «аты-жөні белгісіз» қолма-қолдандырудың жолын кесу. Ал күнделікті тұрмыстық төлемдер мен туыстар арасындағы аударымдар бұрынғыша қалыпты режимде қала береді.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары