Қарағанды облысының Балқаш қаласында құны 750 млрд теңге болатын жаңа мыс қорыту зауыты бой көтеріп, мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет пен «Qazaq Smelter» ЖШС арасындағы инвестициялық келісімді бекітетін қаулыға қол қойды. Президенттің шикізатты терең өңдеу жөніндегі тапсырмасымен іске асатын бұл ауқымды жобаның құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы толық аяқталуы тиіс. Жаңа өнеркәсіп ошағы жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болмақ.
Алып кәсіпорын іске қосылғанда ел ішінде мыс шикізатын өңдеу көлемі бір жарым есеге артып, жылына 800 мың тоннадан асады. Бұл өз кезегінде қосылған құны жоғары өнім экспортын 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заманауи технологиялармен және цифрлық шешімдермен жабдықталатын кәсіпорында 1200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Зауыт іске қосылғанда басшылық қызметтерді қоса алғанда мамандардың 90 пайызы қазақстандықтардан құралып, алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетеді. Оған қоса инвестор Қарағанды облысындағы оқу орындарында 50 студентті арнайы дайындауды өз міндетіне алып отыр.
Осы жылдың алғашқы алты айында елімізде 232 мың тонна катодты мыс өндіріліп, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8 пайызға өскен. Негізінен электр кабельдерін, құбырларды, көлік бөлшектерін және түрлі қорытпаларды жасауда қолданылатын катодты мыс стратегиялық маңызды шикізат саналады.