KZNews.kz
Аймақ

Баланы автобусқа сыйғыза алмаған әкім халық сеніміне де сыймайды: Атыраудың оқушылары аялдамада тұр

Азамат Қойшығара
kznews.kz

Атырауда ата-аналардың жанайқайына айналған мәселе бар, балалар таңертең мектепке жете алмай жүр. №50 бағыттағы автобусқа міну мүмкін емес, іште орын жоқ, ал сыртта тоңып тұрған балалар.

Кейде автобусқа сыймаған оқушылар жаяу жетуге мәжбүр, кейде келесі автобусты күтеді. Бірақ бұл қалада келесі автобус тез арада келе қоймайды. Осылай әбігерге түсіп жүргенде сабақ басталып кетуі мүмкін, балалардың бір бөлігі сабаққа кешігіп жетеді, бір бөлігі суықтан қалтырап, жол бойында жүреді.

«Автобусқа сыймай қалатын жағдай күн сайын қайталанады. Кейде балаларды көріп жанымыз ашиды, таңғы суықта 3-4 аялдама жаяу жүретіндері де жоқ емес. Ал кешке, қараңғы түскенде, қауіп одан да көп», — дейді қала тұрғыны Эльмира Аскарқызы.

Бұл шағымды жүздеген ата-ана айтады. Бірақ әкімдік әзірге үнсіз. Әлеуметтік желілерде бұл тақырып бірнеше аптадан бері қызу талқыланып келеді.

Уәде етілген мектеп автобусы қайда?

Қала билігі өткен жылы әр мектеп бағытына арнайы автобус қарастырылатынын айтқан еді. Бірақ, уәде – уәде күйінде қалып тұр. Балалар әлі де үлкендерге арналған қоғамдық көліктерге сығылысып, қысылып мінуге мәжбүр.

Бір қарағанда, бұл ұсақ тұрмыстық мәселе сияқты көрінеді. Бірақ іс жүзінде бұл қоғамдық қауіпсіздік пен жергілікті биліктің жұмысына сын.

Қаланың даму жоспары, миллиондаған теңгеге бағаланған жобалар мен қатқан есептер — бәрі сөз жүзінде ғана. 

Атырау қаласында жыл сайын жаңа жолдар, аялдамалар салынып, бейнекамералар орнатылып жатыр. Алайда, оқушылардың осы проблемасы ұмыт қалған.

Әкімдік әлеуметтік желілерде жасыл аймақтар мен абаттандыру жобалары туралы күн сайын жазып жатыр, бірақ қала шетінде таңертеңгі уақытта балалардың не жағдайға душар болып жатқанын көрмейді немесе көрсе де байқамаған кейіп танытады.

Жергілікті атқарушы билік үшін бұл оқиға — жай «шағым». Ал ата-ана үшін қорқыныш пен проблемаға айналған.

Мектепке аман-есен жеткізу – мемлекет емес, әр ата-ананың жеке міндеті айналған. Бұл – дамыған қоғамның емес, немқұрайдылыққа бой үйреткен жүйенің көрінісі.

Балалардың тағдыры пиар емес

Қала басшылығы мектеп автобусын іске қосудың орнына, тағы бір форум өткізуді, тағы бір ескерткіш ашуды жөн көреді. Ал нақты шешім жоқ.

Бұл жерде саясат емес, балалардың өмірі мен қауіпсіздігі туралы сөз болып отыр.

Бала — елдің болашағы дейміз. Бірақ сол болашақ бүгін автобусқа сыймай тұр.

Қала әкімдігіне қарапайым сұрақ қойғымыз келеді: Неліктен балаларға арналған автобус жоқ? Неліктен ең болмаса, ескі автобустар саны көбеймейді?

Неліктен ата-аналар әкімдікке хат жазып, желіге шағым тастап қана назар аудартуы керек?

Бір ғана баланың өмірі үшін де билік жауапты. Бұл — статистика емес, ар-ождан мәселесі.

Атырау — мұнайлы астана. Бірақ әкімдіктің жұмыс стилі баяғыдай: бәрі баяу, бәрі сөз жүзінде.

Балаларға арналған автобус жоқ, қоғамдық көлік ескі, ал шешім қабылдайтындар кабинеттен шықпайды.

Билік халыққа емес, халық билікке жұмыс істеп тұрғандай әсер қалдырады.

Балалардың өмірін қауіпке тігіп отырып, «жол картасы» туралы есеп беру – ұят.

Қала билігіне бір ғана кеңес: инфрақұрылым емес, адамнан бастаңыздар.

Себебі баланы автобусқа сыйғыза алмаған әкім халық сеніміне де сыймайды.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары