Архангель облысының Северодвинск қаласында балабақша тәрбиеленушілеріне қатысты қатыгездік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды kznews.kz РЕН ТВ арнасына сілтеме жасап.
«Бұқаралық ақпарат құралдарын мониторингтеу барысында Северодвинск қаласындағы балабақшалардың бірінде балаларға физикалық күш қолданылғаны туралы жарияланымдар анықталды», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тәрбиешінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы және балаларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Северодвинск қаласының әкімі Игорь Арсентьев «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында тәрбиешінің өз еркімен жұмыстан кетпек болғанын, алайда оның педагогикалық қызметке сай келмейтін әрекеттері үшін қызметтен босатылатынын жазды.
«Өкінішке қарай, қаламыздағы балабақшалардың бірінде сорақы жағдай орын алды: тәрбиеші балаларға дөрекі қарым-қатынас жасап, бұл жағдайды оның әріптесі видеоға түсіріп алған», – деді ол.