KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Бала Жамбыл өміріндегі ауыр кезеңді еске алды

Қайсар Қанат
Фото-коллаж: Dalanews.kz

Ақынның сөзінше, оның өмірі 2020 жылы қатты өзгерген. Сол жылы ол өзіне өте жақын болған жалғыз әпкесінен айырылған.

"Мойныма таққан тұмарымдай болған жалғыз әпкемнен, сырласымнан, ең жақын адамымнан айырылып қалдым. Осы жағдайдан кейін өзімді тастап жібердім. Жұмыстан да шығып кеттім", – деді ол.

Жамбыл Дүйсенов әпкесінің Қытайдан келіп, диплом жұмысын жазып жүрген кезде кенеттен өмірден өткенін еске алды. Бұл қайғыдан кейін ол ұзақ уақыт әлеуметтік желіге кірмей, адамдармен араласудан да қалған.

Ақынның айтуынша, әпкесінің қазасы бүкіл отбасына ауыр тиген. Әсіресе анасының жағдайы оны қатты алаңдатқан.

"Өзімді қолға алған бірінші себеп – анам. Әпкем қайтқан соң анам мүлде жатып қалды", – деді ақын.

Жамбыл бұған дейін де жақын адамынан айырылғанын айтты. 2016 жылы өмірден өткен әжесі оның тәрбиесінде ерекше орын алған. Оның сөзінше, әжесі мен әпкесі өміріндегі ең жақын адамдары болған. Осы оқиғалардан кейін отбасының жағдайы да күрделене түскен.

Сұхбат барысында ақын әпкесінің қазасынан соң өте ауыр психологиялық күйге түскенін және өмірден түңілген сәттері болғанын жасырмады. Ол сол кезеңде өзіне қол жұмсау туралы ойға барғанын да айтты. Алайда кейін отбасы мен жақындары үшін өзін қайта қолға алу керектігін түсінген.

"Тек өзімді ойлап кетіп қалсам, әулетім жылап қалады", – деді Жамбыл Дүйсенов.

Ақын бұл кезеңнен кейін өмірге көзқарасы өзгергенін және біртіндеп қалыпты өмірге оралуға тырысқанын жеткізді.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →