27 қарашада Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз МС-28" кемесі ұшырылған кезде старт кешеніндегі бірқатар техникалық құрылымның зақымданғаны анықталды. Коммерсант басылымы мәлімдегендей, жөндеу жұмыстары алты айдан екі жылға дейін созылуы мүмкін. Осы кезеңде Ресей Байқоңырдан жаңа зымыран ұшыруға қабілетсіз болады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Роскосмос" апаттың болғанын растады. Ұшыру барысында зымыранның қозғалысы кезінде жылжымалы қызмет көрсету кабинасы жұлынып кетіп, шамамен 20 метр жерге құлаған. Құрылым қатты бүлініп, қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Ресей ғарышкерлік федерациясының мүшесі Александр Хохлов бұл нысанды жөндеу оңай шаруа емес екенін айтады:
"Жаңасын жасауға ұзақ уақыт кетеді. Бұрын мұндай кешендер Украинадағы Краматорск қаласында өндірілетін. Енді Ресей оны толықтай нөлден бастап дайындауға мәжбүр", – деді маман.
Сонымен қатар Хохлов балама нұсқа бар екенін де атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанға музейлік экспозиция ретінде берілген Гагарин тұғырының кабинасын уақытша пайдалануға болады.
"Кабинаның жағдайы жақсы. Ресей мен Қазақстан келісімге келсе, оны орнату аса көп уақытты да, шығынды да талап етпейді. Бірақ мұның өзі 2026 жылдың жазығына дейін созылуы ықтимал", – дейді ол.
Ал сарапшы Георгий Тишкин болса, зақым деңгейі толық анықталмағандықтан, жөндеу мерзімі одан да ұзақ болуы мүмкін деп отыр:
"Қандай бөлшектердің істен шыққаны әлі белгісіз. Жөндеу бір жарым жылға, тіпті екі жылға дейін созылуы ғажап емес", – деді сарапшы.
Айлақтың істен шығуы Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) жоспарлы жұмыстарын қиындатып отыр. Енді ғарышкерлерді алмастыру және жүк жеткізу үшін АҚШ-пен қосымша келісімдер жасалуы тиіс, әрі бұл қызмет ақылы болмақ.