Депутат Базарбек ішкі істер органдарында кең ауқымды тексеріс жүргізу қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, тек бір қызметкерді жұмыстан босатумен шектелмей, барлық бейнебақылау жазбаларын қарап, жүйелі мәселелерді анықтау керек. Депутат Алматыдағы әл-Фараби даңғылында қымбат көліктердің жиі жүйіткіп жүретінін айтып, олардың жауапкершілікке тартылмайтынын сынға алды.
«Күнде спорткарлар мен элиталы көліктер жүреді, бірақ олардың айыппұл төлеп жатқанын немесе біреудің жауапқа тартылғанын көрмейміз», – деді ол.
Сондай-ақ ол мұндай жүргізушілердің арасында ықпалды тұлғалардың балалары бар екенін, оларды кейбір лауазымды адамдар қорғаштайтынын жеткізді. Депутаттың пікірінше, құқық қорғау жүйесін осындай ықпалдан тазарту қажет.
Ол бұл мәселе бойынша Қазақстан Президентіне жүгінуге дайын екенін айтып, Ішкі істер министрлігі тарапынан қатаң тәртіп орнату керектігін атап өтті.
Сонымен қатар депутат бұл проблеманы алдағы рақымшылық туралы заңды талқылау кезінде де ескеру қажет екенін жеткізді.