Қазақстандық танымал актриса Дариға Бадықоваға сырға салу рәсімі өтті.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz
Бұған дейін актрисаның Олжас Абаймен шаңырақ көтергелі жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Енді желіде қазақтың дәстүрлі сырға салу рәсімінен түсірілген видео жарияланды.
Бейнежазбада Жұмагүл есімді болашақ енесі Дариға Бадықованың құлағына ақ алтыннан жасалған, гауһар таспен көмкерілген сырға тағып, ақ тілегін арнайды.
– Ақ алтыннан жасалған, гауһар тасты сырға. Бақытты болыңдар! – дейді Жұмагүл.
Қазақ дәстүрінде сырға салу – екі жастың үйленуіне байланысты жасалатын маңызды рәсімдердің бірі. Бұл күні жігіт жақтың өкілдері болашақ келінге сырға тағып, ақ батасын береді.
Желі қолданушылары актрисаның жеке өміріндегі жаңалықты қызу талқылап жатыр. Дегенмен Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың үйлену тойының нақты қашан өтетіні туралы мәлімет әзірге жарияланған жоқ.