Із-түссіз жоғалып, төрт күннен кейін мәйіті табылған Ерзат Егінбай Алматыда әйелімен бірге пәтер жалдап тұрған.ы белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz. KursivMedia-ға сілтеме жасап.
Бір апта бұрын ғана әйелінің аяғы ауыр екенін естіген.
Туыстарының сөзінше, полиция Ерзат суицид жасаған болуы мүмкін деген болжам жасаған. Алайда олар мұны жоспарлы әрекет деп отыр.
KursivMedia тілшісі қайтыс болған Ерзат Егінбайдың қарындасы Жұлдыз Нұрлыбекқызымен сөйлесіп, жағдайдың мән-жайын білді.
Оқиғаның басы
Ерзат Егінбай Алматыда геодезист көмекшісі болып жұмыс істеген. 19 мамырда Саяхат жақтағы нысанда жүрген.
Жұмыста жүргенде бастығынан 15 минутқа дүкенге барып келуге сұраныған, бірақ дүкенге кірмеген.
Жұмыстан сағат 14:00 шығып кеткен.
Сағат 17:00 кезінде бастығы Ерзаттың әйеліне хабарласып, жиналысқа қатыспағанын айтқан. Содан кейін әйелі өзі іздеген.
Сағат 19:00 кезінде әйелі Ерзаттың туған ағасына хабарласқан. Бастапқыда телефонын жоғалтып алған болар, достарымен бірге жүр деп ойлаған. Таныстарының бәріне хабарласып, кешкі 7-8 кезінде жоғалып кетті деп дабыл қаққан.
Сағат 23:30 шамасында Ерзаттың ағасы Азамат Егінбай Жетісу ауданы полициясына арыз жазған. Алайда полиция ересек адам екенін, іздеуді 2 күн өткен соң ғана бастайтынын мәлімдеген.
«Ерзаттың үйленгеніне небәрі жарты жыл болған. Жоғалып кетерден бір апта бұрын әйелінің аяғы ауыр екенін біліпті. Осыны біліп тұрып адам қайда кетеді деген сұрақ болды. Қаладағы мәйітхана, аурухананың бәрін аралап, сұрастырдық. Ағасы мен достары жұмысы жанындағы, сол маңдағы дүкендердегі камераларды аштырды. Қазір желіде тарап жүрген видеоның бәрін өзіміз таптық, полиция іздеуге кіріспеді», – дейді қарындасы Жұлдыз.
Автобуспен Космос ауылына барған
Қарындасының айтуынша, Ерзат Егінбай №243 автобусқа отырып, Ават ауылынан (Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл) түскен. Сол жақтан Космос ауылындағы Школьная аялдамасынан түскен.
«Видеоның бәрінде жалтақтап, жан-жағына қарап жүреді. Біреуді іздеп, телефон арқылы сөйлескен», – дейді қарындасы.
Космос ауылында туысы да, достары да тұрмаған. Қарындасының айтуынша, ешкімнен қарыз алмаған, құмар ойын ойнамаған.
Мәйіті көлден табылды
Ерзат Егінбайдың мәйітін 23 мамырда балықшылар тапқан. Бұған дейін желіде «Ерзатты бәзбіреулер буындырған» деген ақпарат тарады. Туыстарының сөзінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Космос ауылы мен Базаркелді ауылының ортасында қалың қамыстың арғы жағында көл бар екен. Көлдің тереңдігі шамамен 10-15 метр. Балықшылар қармақ лақтырған, бастапқыда ілінген матрас деп ойлаған. Мәйітті полициядан бұрын ағаларымыз тапты», – дейді ол.
Жұлдыздың айтуынша, полиция телефонын тапқан. Соңғы рет кіммен сөйлескені жасырылған.
«Қастандықпен біреулер суға лақтырып жіберген болуы да мүмкін. Сот-медициналық сараптама нәтижесі 20 күнде шығады екен. Алдын ала «суицид жасаған» деген қорытынды шығарып отыр. Біз содан қорғамыз. Істі осылай жауып тастауы мүмкін», – дейді марқұмның қарындасы.
25 жастағы Ерзат Егінбай Алматы облысындағы Исаев ауылына жерленді.