Атырау облыстық полиция департаменті өзін «хакер» деп таныстырып, өңірде жоғалған отбасы ісіне қатысты түрлі болжамдар таратқан азаматқа байланысты қылмыстық іс жөнінде жаңа мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Іс бойынша қандай дерек бар?
Полиция мәліметінше, 2025 жылдың сәуірінде алаяқтық фактілері бойынша төрт арыз тіркелген. Осыған байланысты төрт эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалған.
Құқық қорғау органдары бұл істің Жангелдин ауылында жоғалған отбасы оқиғасына ешқандай қатысы жоқ екенін нақтылады. Қазіргі таңда күдікті халықаралық іздеуге жарияланған, тергеу жалғасып жатыр.
Сондай-ақ ведомство аталған азаматтың 2025 жылдың сәуір айында-ақ Қазақстаннан кеткенін мәлімдеді. Яғни ол әлеуметтік желіде өз «зерттеуін» жарияламас бұрын ел аумағынан шығып кеткен.
Түркияда ұсталды деген қауесет
Басылымға анонимді дереккөз Стамбулда 2026 жылдың қаңтар айының соңында күдікті ұсталды деген болжамды ақпарат жолдаған.
Алайда Instagram парақшасын талдау барысында соңғы апталарда аккаунттың жаңартылмағаны анықталған. Қаңтар айының соңынан бері жаңа жазбалар жарияланбаған. Кейбір желі қолданушылары дәл осы үнсіздікке назар аударған.
Дегенмен полиция ресми жауабында күдіктінің әлі табылмағанын хабарлады.
«Аталған тұлға алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында халықаралық іздеуде. Оның жүрген жерін анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», – делінген полицияның ресми жауабында.
«Атыраулық хакер» кім?
2025 жылдың желтоқсанында Атырау облысында бір отбасының жоғалып кетуі қоғамда резонанс тудырған еді. Осы оқиғадан кейін өзін «Атыраудың хакері» деп таныстырған азамат әлеуметтік желіде пайда болып, жеке «тергеу» жүргізгенін мәлімдеген.
Instagram-да жарияланған видеолар кең таралып, үлкен қаралым жинаған.
Ол негізгі күдікті ретінде қаза тапқан отбасының күйеу баласын атаған. Сондай-ақ отбасы басшысының телефоны қараша айының ортасынан бастап сирек қосылғанын, ал күдікті сол кезеңде Түркияға барған болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұдан бөлек, «хакер» банк карталарының қозғалысы, SIM-карталардың Шымкентте тіркелуі, күдіктілердің Өзбекстан арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, тіпті Индонезияға кетуі мүмкін деген жорамалдарын да жариялаған.