Атырау облысында болған резонансты іс мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бұған дейін, яғни ақпан айының соңында күдіктілер Индонезия аумағында ұсталған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылынан қолға түскен. Қазіргі уақытта оны елге депортациялау мәселесі шетелдік әріптестермен бірлесіп қарастырылып жатыр.
Ресми деректерге сәйкес, ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталуда. Тергеу нұсқасына сүйенсек, ол 2025 жылдың қараша айында пайдакүнемдік мақсатта екі адамды өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру үшін мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына жасырған, қан іздерін жойып, марқұмдардың ақшасы мен мүлкін иемденген деген күдік бар.
Іс барысында тағы бір маңызды жайт анықталған. Күдіктімен бірге бұған дейін із-түзсіз жоғалған деп танылып, халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да табылған.
Қоғам назарын аудартқан тағы бір фактор – күдіктінің Индонезияның туристік аймағы саналатын Ломбок аралынан ұсталуы. Бұл арал соңғы жылдары шетелдік туристер арасында танымал бағыттардың біріне айналған.
Сенару ауылы – Ринджани жанартауының баурайында орналасқан шағын елді мекен. Ол көбіне туристердің тауға шығатын бастапқы нүктесі ретінде белгілі. Ауылда қонақүйлер мен гестхаустар жұмыс істейді, ал туристік маусымда бұл өңірге шетелден келетін қонақтар көп.
Ломбок аралы Бали аралының шығысында орналасқан және табиғатының әсемдігімен танымал. Ақ құмды жағажайлары, көгілдір теңізі мен маржан рифтері бұл аймақты демалыс үшін тартымды етеді. Сонымен қатар мұнда серфинг, дайвинг және экотуризм жақсы дамыған.