Жангелдин ауылында жоғалған тұрғындарды іздеуге бағытталған іздестіру-құтқару шаралары тоқтатылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, іздеу жұмыстары Атырау облыстық полиция департаментінің ресми сұрауы негізінде жүргізілген. Құтқару бөлімшелері елді мекен аумағын толықтай тексеріп шыққан.
"Полиция белгілеген барлық учаскелер қаралды. Қазіргі уақытта полиция департаментінен іздестіруді жалғастыруға қатысты жаңа тапсырмалар немесе бағыттамалар түскен жоқ", – деп хабарлады Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Еске сала кетейік, бір отбасы мүшелерін іздеу былтыр 25 желтоқсанда туыстарының құқық қорғау органдарына жүгінуінен кейін басталған. Тергеу барысында қорадан үй иесі мен оның жұбайының мәйіттері табылған. Алайда олардың балалары – Наурыз бен Мирамгүл әлі күнге дейін табылмай отыр.