Бір отбасын өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевтың бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу ресми түрде тоқтатылды. Тергеу барысында оның әрекеттерінен қылмыс құрамы анықталған жоқ. Мамандар оның жағдайын толық анықтау үшін қосымша тексеріс қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева қылмысты жасырып қалды деген күдікке ілінген болатын. Astana TV телеарнасының тілшісі Базаргүл Нәдірқызының мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша бұл күдік расталмады.
Істі тоқтату туралы ресми шешімді өңірдің қадағалау органы жариялады.
"Тергеу нәтижесінде Мұқанғалиеваның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабы бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен, 2026 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды", – деді облыс прокурорының көмекшісі Айсұлу Сүлеймен.
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.