KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Атырауда имам сегіз жасар баланың өмірін өлімнен арашалап қалды

Айжан Сыланова
Фото: instagram.com/imangalimosque/

Атырау қаласындағы «Парасат» мешітінің ұстазы Сержан Тұрақбайұлы Жайық өзеніне ағып кеткен сегіз жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды kznews.kz

Оқиға кезінде баланың өзенге ағып кеткенін естіген ұстаз бірден көмекке ұмтылған. Жағаға жиналған адамдармен бірге суға түсіп, баланы өзен түбінен тауып алған.

Сержан Тұрақбайұлы баланы жағаға алып шыққаннан кейін оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Көп ұзамай бала есін жиып, өздігінен тыныс ала бастаған.

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің мәліметінше, ұстаздың әрекеті елеусіз қалмаған. Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Фархат Шахметов қиын сәтте адам өмірін құтқаруға атсалысқан азаматтарды қабылдап, алғысын білдірген.

Сержан Тұрақбайұлына баланың өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін Индер ауданы әкімінің атынан Алғыс хат табысталды.

Айта кетейік, бұған дейін Оралда Ұлттық ұлан сарбазы өрт шыққан пәтерден балаларды құтқарып қалған болатын.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →