Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының із-түзсіз жоғалуы жұртшылықты алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған түрлі мәліметтердің анығын білу үшін Massaget.kz тілшілері оқиға орнына барып, жағдаймен танысты.
Белгілі болғандай, 25 желтоқсанда Атырау облыстық полициясына қала тұрғыны арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеген. Ал 6 қаңтарда жоғалған ерлі-зайыптының мәйіттері ауыл аумағындағы сарайдан табылған.
Қазіргі уақытта марқұмдардың балалары – Мейрамгүл мен Наурыз әлі күнге дейін табылған жоқ. Туыстары олардың аман-есен оралуынан үмітін үзбей отыр. Жоғалған отбасының жақыны Ләззат Кенжеғалиева бұл жағдайдың туыстар үшін өте ауыр екенін айтып, ауылда іздеу шаралары әлі де жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.
Сондай-ақ туыстары отбасының тағы бір қызы – Ақбаян туралы да мәлімет берді. Олардың айтуынша, ол Ақтөбеде заңгер мамандығы бойынша білім алып, кейін тұрмысқа шыққан және бес бала тәрбиелеген. Бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін оның денсаулығы күрт нашарлағаны айтылды.
"Бесінші балада қызымыз ауру болған. "Есін білмейді" дейді. Жеңгем де айтып жүрді. "Ақбаян соның (күдікті күйеу баланың – еск.) қасында" дейді. Екеуі де хабарсыз", – деді марқұмдардың туысы.
Қазіргі таңда марқұмдар тұрған үй мен сарай мөрленіп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін полиция ерлі-зайыптының өліміне қатысты күдіктіге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев. Оны іздестіру ісі 8 қаңтарда ресми түрде тіркелген.