Атырау облысында қайын атасы мен енесін өлтірді деген күдікке ілінген ер адамға, сондай-ақ жоғалып кетті делінген әйел адамға халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, іздеудегі әйел – марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева.
Полиция департаменті халықаралық іздеу «қылмыс жасады деген күдікпен ер адамға және жоғалып кетті деген күдікпен әйел адамға» жарияланғанын хабарлаған. Ресми ақпаратта әйел адамның аты-жөні Ақбаян Мұқанғалиева екені де көрсетілген. Осылайша, іс бойынша екі адамға бірдей іздеу салынған.
Айта кетейік, оқиға Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тіркелген. Бұған дейін аталған ауылда бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткені айтылған еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде байланыссыз кеткен.
Іздеуде болғандардың қатарында 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, 1961 жылы туған жұбайы Насипа Өтешқалиева, сондай-ақ олардың балалары – 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев аталған. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Кейін ерлі-зайыптының мәйіті өз үйінің ауласынан көмілген күйде табылғаны хабарланды.
Ал Мейрамгүл мен Наурыздың қайда екені әзірге белгісіз күйі қалып отыр. Полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікке ілінген адамды да іздеуге жариялаған. Күдікті ретінде 29 жастағы күйеу бала – Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев аталады.