Атырау облысында бұрын жоғалып кеткен ағалы-қарындастың мәйіті табылды. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымына сілтей отырып kznews.kz порталы хабарлайды.
Басылым мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиев тергеу барысында Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындаған. Оның айтуынша, ол екеуін өлтіріп, бұрын өзі жалдап тұрған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласына көміп кеткен.
Тергеушілер көрсетілген жерді тексеріп, расында сол аумақтан екі адамның мәйітін тапқан.
Осылайша Сарсемалиев енді бұрынғы жұбайы Ақбаянның төрт туысын өлтірді деген күдікке ілінді. Бұған дейін оның өз үйіндегі сарайдың еденінің астынан Ақбаянның ата-анасының мәйіттері табылған болатын.
Ақбаянның өзі де бұл іске байланысты күдікті ретінде қарастырылып жатыр. Алайда оған нақты қандай айып тағылғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Айта кетейік, күдіктілер бұған дейін Индонезияның Ломбок аралында ұсталған. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.