Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Өңір басшысы «Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылдың 9 айындағы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» тақырыбында сөз сөйледі.
Атап айтқанда, Нұрлан Ноғаев жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту шараларына тоқталды.
- Атырау облысындағы жұмыссыздық деңгейі биылғы жылдың екінші тоқсанында 4,9% - ды құрады. Жалпы 26 494 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 16 246 – тұрақты және 10 248 - уақытша. Жұмыспен қамту орталығымен 16 666 адам жұмысқа орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға 4 956 адам жіберілді, 411 адам кәсіптік даярлықтан өтті.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1166 кәсіпкер 81,4 млрд.теңгеге мемлекеттік қаржылық қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Қаржыландыру 5778 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, бұл ретте 15 970 жұмыс орны сақталып қалды.