Астанадағы «Астана-1» теміржол вокзалы маңында бірнеше адам үй-күйсіз азаматты аяусыз соққыға жыққан оқиға қоғамда резонанс тудырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тараған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал әлгі ер адамның бір әйелге қатысты орынсыз әрекетінен кейін басталған. Осыдан соң оқиға орнында болғандар оны өз бетінше жазаламақ болып, күш қолданған.
Бейнежазбада бірнеше адамның жерге құлаған азаматты жабылып тепкілеп жатқанын көруге болады.
Астана қалалық полициясы бұл жағдайға байланысты барлық қатысушылар анықталып, ұсталғанын мәлімдеді. Олардың алкогольдік мас күйде болғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта күдіктілер Сарыарқа аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материалдар сотқа жолданған.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.