Астанада болған қайғылы өртке қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Тілсіз жау үш баланың өмірін жалмап, ал ауладағы ретсіз қойылған көліктер құтқару жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірген, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 12 сәуірге қараған түні Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 15-қабатында болған. Өрт туралы хабар 112 пультіне түскеннен кейін құтқарушылар жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберістің жабық болуы және көліктердің бейберекет орналасуы арнайы техниканың қозғалысын қиындатқан.
Құтқарушылар келген кезде пәтер толықтай отқа оранған. Темір есікті арнайы құралмен бұзып кірген олар іштен күйік алған әйелді аман алып шығып, дәрігерлерге тапсырды. Өкінішке қарай, пәтерден үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.
Өрт сөндірушілер қиындықтарға қарамастан жалынның басқа пәтерлерге таралуына жол бермей, өртті толық ауыздықтады. Құтқару барысында жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетімен сыртқа шыққан.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жедел әрекет етіп, тұрғындарды түтінге толы подъезден шығарып, алғашқы көмек көрсетіп, тәртіпті қамтамасыз еткен.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Мамандар мұндай жағдайларда аулалардағы ретсіз тұрақ пен жабық кіреберістер адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ескертті.