Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті ұлының еміне деп қайырымдылық қаражат жинаған ерлі-зайыптының үстінен қозғалған алаяқтық ісі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы агенттік ресми хабарлады.
Тергеу барысында ерлі-зайыптының Instagram және Facebook желілері арқылы баланың қатысуымен жасалған бейнероликтер мен жазбаларды кеңінен жарнамалап, жұрттың жанашырлығына әсер еткені анықталды. Аталған әрекеттер нәтижесінде олар 1,3 млрд теңгеден астам қаражат жинаған.
Алайда жиналған соманың небәрі 6,4 миллион теңгесі ғана баланың еміне жұмсалған. Қалған ақша жеке мақсаттарға – үш пәтер, жер телімі, бес автокөлік сатып алуға және құмар ойындарға қолданылған.
Ерлі-зайыпты жиналған қайырымдылықты үздіксіз ұлғайтып отыру үшін Meta Ads арқылы әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға 481 миллион теңгеден астам қаражат бағыттаған. Жарнама науқаны аудиторияны кеңейтіп, сенімге кіріп, жаңа демеушілер тартуға мүмкіндік берген.
Сондай-ақ күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында балаларына 84 млн теңгеге ота жасатамыз деген уәде айтқан. Бірақ шетелде ешқандай ем-дом жасалмаған. Соған қарамастан, олар әуежайдан "ұшып бара жатқандай" әсер қалдыратын видео жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпарат таратқан.
Тергеу басталғанын естіген соң, ерлі-зайыпты қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Бірақ бұл мәміле жалған екені анықталды. Қазіргі уақытта сот санкциясымен барлық мүлікке тыйым салынды.
Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалған. Олардың кінәсі ҚР Конституциясының 77-бабы және ҚПК-нің 19-бабына сәйкес, сот үкімімен дәлелденгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.