Тергеу мәліметінше, жігіт алтын әшекейлерге, киім-кешекке және азық-түлікке дейін тапсырыс берген. Тауарларды алған кезде олардың кейбірін білдіртпей алып қалып, орнына басқа заттарды қойып, қоймаға қайтарған.
Астанада тапсырыстарды беру пунктінде жұмыс істеген 19 жастағы жігіт бағасы 14,9 миллион теңгеден асатын тауарларды ұрлағаны үшін бес жылға сотталды. Ол маркетплейс арқылы түрлі заттарға тапсырыс беріп, тауарларды алған соң қайтару кезінде басқасымен алмастырып отырған, деп хабарлайды kznews.kz
Оқиғалардың бірінде жігіт құны 182 мың теңге тұратын алтын сырғаны иемденіп, сатушыға оның орнына бижутерия қайтарған. Осы тәсілмен ол жалпы саны 195 тауарды ұрлаған. Келтірілген шығын көлемі 14,9 миллион теңгеден асқан.
Сотта мемлекеттік айыптаушы жігіттің кінәсін толық дәлелдеген. Нәтижесінде 19 жастағы Қазақстан азаматы бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот жәбірленушінің келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талабын қанағаттандырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар 223 су жаңа iPhone 18-ді елге заңсыз алып кірмек болғаны туралы жазған едік.