Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Астанада ең арзан ет сатылатын орынды атады, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист фермерлердің табысы мен ішкі нарықтағы бағаның теңгерімін сақтау мәселесін көтерді. Вице-министр соңғы екі аптада өткізілген әлеуметтік жәрмеңкелер бағаның төмендеуіне ықпал еткенін, шетелдік сұраныстың айтарлықтай артқанын айтты.
«Мал басы көбейген сайын ет өндірісі де ұлғаяды. Бұл ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықты да қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ тепе-теңдікті ұстап тұру оңай емес. Халыққа қолжетімді баға керек, ал фермерлер табыс табуы тиіс. Өзбекстанда жағдай жақсарғаннан кейін біздің етке сұраныс өсті. Ташкентте де, Тәжікстан мен Ауғанстанда да қазақ етін сұрайды. Қытаймен де келіссөз жүріп жатыр. Алайда экспорт көлемі көбейсе, ішкі баға сөзсіз өседі, оны тоқтату қиын», - деді Әбілдабеков Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, ет қымбаттауының алдын алу үшін Астана әкімдігімен бірлесіп, «Керуен жолы» базарында екі апта қатарынан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді.
«Кәсіпкерлердің өздері экспорт тоқтаған соң ет өткізе алмай жатырмыз деп жәрмеңке өткізуге ұсыныс жасады. Бұл жерде сиыр етін 3000 теңгеден, жылқы етін 2500–2800 теңге аралығында сатты. Сенбі-жексенбі күндері «Керуен жолы» базарынан осы бағамен ет табуға болады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, жәрмеңкелер айтарлықтай нәтиже берген: алғашқы аптада 40 тонна, екінші аптада 150 тонна ет сатылған. Алғашқы жәрмеңкеге 3 облыс, кейінгісіне 5 облыс өнім жеткізген. Әбілдабеков әр «Газель» көлігінде шамамен 13–15 мал болғанын айтады.