Астанадағы жеке демалыс орындарының бірінде 24 жастағы жігіт бассейнде есінен танып, суға батып кетті. Оны демалушылар судан шығарып, жедел жәрдем шақырған. Қазір жігіт жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Жетінші арнаның мәліметінше, куәгерлер оқиға кезінде демалыс орнында құтқарушы, медицина қызметкері және алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы болмағанын айтқан. Зардап шеккен жігіттің анасы кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Оның айтуынша, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша іс қозғалған.
Ал демалыс кешенінің әкімшілігі бұл ақпаратпен келіспейді. Олардың мәлімдеуінше, жігіт бассейнге басымен секірген, ал мұндай әрекетке тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері қойылған. Сондай-ақ оқиға кезінде екі құтқарушы кезекшілікте болып, алғашқы медициналық көмекті олар көрсеткенін, бұл бейнебақылау жазбаларымен расталатынын хабарлады.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.